Жүктіліктің 15-аптасына жеткен әйелдер денесінің қалай өзгергенін сезеді, себебі сәби біртіндеп созылып, пропорциясын өзгертіп, өсуін жалғастырып келеді.
Ананың сезімі
Осы мерзімдегі жүкті әйелдердің көбі күш-қуатының айтарлықтай артқанын сезеді. Әйелдер өзінің жағдайы мен күйіне рахаттанып, тіпті іштей нұрлана бастайды.
Әйелдің қамдануы тиіс болатын басты шаруасы – киім-кешегі. 15-апта – бұл жүктіліктің төртінші айы, сондықтан ұрық жылдам өсе бастайды, ал қағанақ суы іштің өсуін тудыра отырып, мөлшерін ұлғайтуды жалғастырады. Бұған қоса, жатырдың бұлшықет қабаты ұлғаяды. Барлық осы факторлар жүкті әйелге кеңірек пішімді киім сатып алу қажеттілігін білдіреді.
Жатыр жоғары көтеріліп, жамбас қуысының шегінен шығады. Бұрын іш қататын әйелдерде ішек жұмысы қалпына келеді, бірақ несеп шығаруға қатысты бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін.
Жүкті әйелдің терісі де өзгереді. Бірінші кезекте пигменттену күшейеді. Бұл процесс омырау мен іште қатты көрінеді. Емшек ұшының ареолалары өзгереді, олар қарайып, үлкейе бастайды. Іште кіндіктен бастап шатқа дейін созылатын қара сызық пайда болады. Барлық осы белгілер ағзада эстроген мен прогестерон белсенді бөліну тоқтағанда, босанғаннан кейін жоқ болып кетеді.
Кейбіреулерінде бет терісінде пигментация пайда болады. Бұл құбылыспен күресу қажет емес, қара дақтар босанғаннан кейін кетіп қалады. Көп жағдайда аққұба теріде пигмент дақтары аса байқалмайды, бірақ жазда барлық жүкті әйелдер күннен қорғайтын кремді пайдаланып, кең жиекті бас киімді киюі қажет.
Баланың дамуы
15-аптада плацентаның және әйел мен ұрық ағзасының арасындағы қан айналымының қалыптасуы аяқталады. Алайда, бұл процесс қосымша қан мөлшерін қажет етеді. Бұған плазманы жинақтау арқылы қол жеткізуге болады. Бірақ эритроциттер жүкті әйелдің ағзасы мен өсіп келе жатқан ұрықтың қажет еткеніндей жылдам қалыптаса алмайды. Сондықтан кейбіреулерінде гемоглобин деңгейін төмендететін анемия дамуы мүмкін. Әйел ағзаға жеткілікті түрде қоректік заттар, атап айтқанда, темір түсетіндей жағдай жасауы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жүкті әйел әлсіреп, басы айналуы мүмкін, ал ұрық жеткілікті оттек мөлшерін ала алмайды да, оның дамуы бұзылады.
Ұрықтың терісіне ерекше көңіл бөлінеді. Ол өте жұқа және сәби терісін қағанақ суының тітіркенуінен қорғайтын және баланың температурасын ұстап тұратын жеңіл түкпен және арнайы маймен қапталған. Тері астындағы майлы жасұнық әлі де болса дамымаған, сол себепті тері арқылы қан тамырлары айқын көрінеді.
Сәбидің басында алғашқы шашы пайда болады, дәл осы 15-аптада бояйтын пигмент жанданады, ол кейін шаштың түсіне жауапты болады.
Бұдан басқа, сүйек кемігі мен ішкі мүшелер дамуын жалғастырады. Ерекше жасыл-қара түсті алғашқы нәжісті, меконийді қалыптастыру жүктіліктің 15-аптасының ерекшелігі болып табылады. Ұрықтың белсенді өсуінен және оның қоректік заттарға қажеттілігінен плацентаға да қосымша күш түседі.
Қағанақ суының мөлшері ұлғаюын жалғастырады. Дәл осы сұйықтық баланың алғашқы тіршілік ортасы болып келеді, құрсақтағы баланың денсаулығы оның құрамына байланысты болады. Судың құрамы зәр мен тұрақты химиялық құрамның арқасында сақталады. Қағанақ суы температурасының тұрақты болатынын айта кету қажет, сондықтан сәби әрдайым өзін жылы әрі жайлы сезінеді. Анасының дене температурасы көтерілсе де, бұл қағанақ суының температурасына әсер етпейді.
Сәбидің есту қабілеті жақсы дамыған. Ол анасының даусы мен жүрек қағысын айыра алады, сондықтан құрсақтағы балаңызбен емін-еркін сөйлессеңіз болады.
Бөліндінің болуы
Жүкті әйелде өзіндік қышқыл иісі бар ашық түсті бөлінді пайда болады. Қалыпты жағдайда олардың құрылымы біртекті және еш мазаламауы тиіс. Тіпті ол көп немесе консистенциясын өзгертетін болса да, алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Бұл бар болғаны эстрогеннің әсері ғана. Алайда, әдеттегі бөліндіге жағымсыз иіс қосылатын болса немесе ол кенет түсін өзгертетін болса, дәрігерден кеңес алған жөн, өйткені бұл жыныс жолдарында инфекция дамығанын білдіреді. Кез келген ауру баланың инфекция жұқтыруына алып келуі мүмкін, бұл оның дамуына кері әсерін тигізеді немесе жүктіліктің өздігінен тоқтауына да алып келеді.
Қанды бөлінділер немесе қоңыр не қызғылт түстің кез келген реңкі бар бөлінділер шығатын болса, дәрігерге бару қажет. Ол қанның болуын білдіреді және жуық арада аздаған қанаудың өзі ықтималды түсік нышаны болып табылатын қан кетуге алып келуі мүмкін. Егер бөлінді ауыртып келетін болса, кейінге қалдырмай дәрігерге бару керек.
Егер бөлінді жыныстық қатынастан немесе гинекологиялық тексеруден кейін пайда болса, бірден дәрігерге айтыңыз. Егер ол ауыртып келмейтін болса да, әйел ішкі жыныс мүшелерінің зақымдалуын тексеріп, жоққа шығарып алуы қажет.
УДЗ жасау
Егер осы мерзімде ультрадыбыстық зерттеу жасауға шешім қабылдасаңыз, онда құрсақтағы баланың жынысын толық біле аласыз, тек ол керек жағымен бұрылса ғана. Кейбір клиникаларда ата-аналарға 3-D УДЗ жаңа емшарасын ұсынады, соның көмегімен жатырда сәбидің қалыптасу кезеңдерін қадағалауға болады.
Дамудың бұл кезеңінде бала аяқ-қолын белсенді қозғалтады, саусағын сорады және қағанақ суын белсенді жұтады. Ұрықтың дамуын бағалаудан басқа, дәрігер жатыр мен плацентаның жағдайын қарайды, ұрықтың даму ақауын жоққа шығарады, жүктілік мерзімін және болжалды босану күнін белгілейді.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.