Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 20-аптасы

Жүктіліктің 20-аптасы – жүктіліктің бесінші айының соңы, бұл дегеніміз – жүктіліктің жартысы. Егер 40-аптада босанатын болсаңыз, онда бала біткен сәттен бері қанша уақыт өтсе, әлі сонша уақыт жүре тұруыңыз қажет. Құрсақтағы бала толық қалыптасып, әлденіп алды, енді босану алдында күш жинай бастайды. Оның енді барлық ішкі мүшелері бар, олар өз қызметін жасай бастады, ал сәбидің сырт белгілері ересек адамдікі сияқты.

Болашақ ананың жағдайы

Жүкті әйел өзін бұрынғысынша жақсы сезінеді, іші өсіп жатса да, ол толыққанды өмір сүруге кедергі келтірмейді. Осы мерзімде жүкті әйелдер таза ауада барынша көп уақыт жүріп, өзінің бала көтеріп жүргеніне рақаттанғаны дұрыс. 
Жүкті әйелдің денесінде қан көлемінің ұлғаюы жалғасады, өйткені ағзаға сәбиді қоректік заттармен және қанмен қамтамасыз ету қажет. Бірақ бұл процесс анемияға алып келуі мүмкін. Анемия жүкті әйелдердің көбінде байқалады, бірақ анемия баланың дамуындағы патологияларға алып келмеуі үшін дәрігердің кеңесін алған қажет. Анемияның орын алуын жоққа шығару үшін жүкті әйел әрдайым полидәруменді кешен қабылдап, құрамында темір бар өнімдермен тамақтануы қажет. 
Жүктіліктің жиырмасыншы аптасында баланың қозғалуы үнемі сезіліп тұрады. Әйел ұрықтың күнделікті қозғалғанын қадағалауы қажет. Бірақ минут сайын тепкеніне аса зейін қойып, оларды тіркеп отырудың қажеті жоқ. Алайда, егер бала бір тәуліктен көп белсенді қозғалмайтын болса, дереу дәрігерге жолығу қажет, өйткені бұл кеш мерзімдегі жүктіліктің тоқтауының қауіпті симптомы болуы мүмкін. 
Сондай-ақ бөліндіге де көңіл бөлу қажет. Көп жағдайда ол қызғылт түсті болады. Қорықпаңыз, бұл қалыпты жағдай, өйткені жатырда қан көлемі ұлғаяды. Алайда, егер осыған ұқсас бөлінділер жүйелі түрде пайда болып тұрса немесе жыныстық қатынастан соң пайда болса, кеңес алу үшін дәрігерге хабарласу қажет. 
Жүктіліктің екінші триместріне тән ерекшелік әйел либидосының артуы болып саналады. Жүкті әйелдің ағзасындағы қанағымы ұлғаяды, сондықтан қынаптағы сөлдің бөлінуі мен қоздыру аймақтарының сезімталдығы артады. Дәл осы кезеңде әйелдердің көбі жыныстық қатынастан айтқысыз жағымды эмоцияларды сезеді. 
Кейбіреулері жыныстық қатынас балаға зиян келтіреді деп қорқады, бірақ бұл олай емес. Ұрық сумен сенімді қорғалған және жатырдың түбінде орналасқан, сондықтан әдеттегі секс оған ешқандай зиян келтірмейді, керісінше ананың жағымды сезімі балаға беріледі.

Сәбидің дамуы

Жиырмасыншы апта сәби мен ана өміріндегі өзіндік бір өзгерісті кезең болып саналады. Бірнеше аптадан соң бала толық қалыптасады да, оны өмірге бейім деп санауға болады, яғни, ол анасының ағзасынан тыс өмір сүре алады. 
Жиырмасыншы аптада ұрықтың барлық мүшелері мен жүйелері қалыптасып, олар өз қызметін атқара бастады. Баланың өзі көруге, естуге қабілетті, сорып, жұта алады. Алайда, нейрондарды жинақтап, олардың арасында байланыс орнататын жүйке жүйесі жетілуін жалғастырады. Мидың қыртысында қатпарлар мен ми сайларының қалыптасуы жалғасады. 
Эндокринді жүйе де толық қалыптасып, барлық ішкі мүшелердің жұмысын бақылай бастайды.

Әйел ұрықтың қозғалғанын мұқият тыңдауы қажет, өйткені сол арқылы баланың ішкі жағдайын анықтауға болады. Көп жағдайда белсенділік кезеңдері сәби ұйықтағандағы тыныштық уақытымен алмасады.
Жиырмасыншы апта аяқталғанда ұрықтың бойы 26 сантиметрге жетеді, онымен қатар плацента да дамуын жалғастырады. Осы мүшенің орналасқан орнын анықтап алған маңызды. Әйелдердің көбінде плацента айтарлықтай жоғары орналасады, бірақ кейбір жағдайларда ол төмен болып, жатыр мойнына кіру жолын жабуы мүмкін. Жүкті әйелде плацентасы төмен орналасқаны анықталған жағдайда, оған кесар тілігін жасау ұсынылады.

УДЗ жасау

Ультрадыбыстық зерттеуді көп жағдайда жоспарлы түрде жасайды. Бұл емшара ұрықтың қалай дамып жатқанын, оның ішкі мүшелері қалыптасты ма, жоқ па және сәбидің дамуында ақаулар бар ма, жоқ па, соны білу үшін қажет. Сондай-ақ УДЗ кезінде жатырдың жағдайы және плацентаның сапасы мен өлшемі бағаланады. Жүктіліктің 20-аптасындағы УДЗ баланың ішкі мүшелерін мұқият зерттеуге бағытталған, сол себепті айтарлықтай көп уақыт алады. Сәбидің жүрегіне ерекше көңіл бөлінеді. Егер дәрігер баланың дамуына қатысты қандай да бір ауытқуларды байқаса, онда ол осы мүшеге мамандандырылған зерттеу тағайындауы мүмкін. 
УДЗ жасау кезінде ата-анасы құрсақтағы баланың жынысын ғана біліп қоймай, қозғалу белсенділігін де байқай алады, өйткені 20-аптада балалар қарқынды қозғалып, анасының жатырында ойнайды.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView