Әйелдің жағдайы
Болашақ ана барынша көп демалып, сабыр сақтап, ашуланбай жүруі тиіс. Алдағы босанудан қорқудың қажеті жоқ, өйткені перзентхананың дәрігерлері мен акушерлері сәтті босану үшін өзін қалай ұстау керектігін міндетті түрде айтады.
Әйел барынша көп ұйықтап, серуендеуі және толыққанды тамақтануы қажет. Бұл анасының демалып, рахаттана тамақтана алатын соңғы күндері, өйткені сәби дүниеге келгеннен кейін ұйқысы бұрынғыдай қанбайтын болады. Сондай-ақ баланы емізген кезде іші ауырып немесе аллергия туындамас үшін белгілі бір диета ұстауына тура келеді.
Жалған толғақ басталғанда белгілі бір жаттығу жасаған жөн. Тыныс алуды қалпына келтіріп, ауыруды жеңілдететін күйге келіңіз. Дайындық психологиялық тұрғыдан да аса қажет. Босанған кезде сізге қолдау көрсете алатын жақындарыңыздың жаныңызда болуының қамын ойлаңыз.
Босану – ауыр процесс екеніне дайын болу қажет, сондықтан ауыруды басатын препараттарды қолдану мүмкіндігін дәрігеріңізбен ақылдасыңыз.
Сәбидің түрі қандай және ол қандай сезімде?
38-апта жүктілігіңіздің соңы десе әбден болады, өйткені бала толық қалыптасқан және дүниеге келуге дайын. Сәбидің бойы 50 сантиметрден асады, ал салмағы үш килограмнан артық. Алайда, бұл көрсеткіштер тікелей ата-анасының тұқымқуалаушылығына байланысты болады.
Осы кезеңде ұрықтың толық қалыптасқан шелмай қабаты бар, ол оны қоршаған ортадан қорғап, қажетті қоректік заттарды береді. Құлақ жарғағы тығыз әрі серпімді, ал тырнақтар тырнақ орнын тұтастай жабады.
Осы мерзімдегі балалардың сыртқы жыныс мүшелері жақсы дамыған. Ұлдардың атабезі ұманың ішінде, ал қыздардың кіші жыныс ернеуі үлкенімен толық жабылған.
Осы мерзімде дүниеге келетін нәрестелердің бүкіл қажетті рефлекстері бар, олар емуді, жұтуды біледі, тыныс алғанда қатты жылай алады.
Бүкіл жүктілік кезеңінде дерлік сәбиді қоректендірген плацента енді өзінің алғашқы мәнін жоғалта бастайды. Осы мүшенің тозу процесі белсендей түседі, ал қалыңдығы біртіндеп азаяды. Бұл ұрыққа оттектің келіп түсуін шектейді, сондықтан ол өсуін баяулатады, өйткені анасынан келіп түсетін қоректік заттар қалдығы баланың мүшелері мен жүйелерінің қызметіне жұмсалады.
Осылайша, сәбиіңіз сырт көзге нәрестеге ұқсап қана қоймай, іштей де қоршаған ортамен кездесуге дайын.
Жақындап қалған босанудың белгілері
Әйел кез келген сәтте босанып қалатынына дайын болуы тиіс. Перзентханаға заттарды жинап қана қоймай, босанудың басталғанын білдіретін қандай белгілердің бар екенін білу қажет.
Босану белгілері:
• Ауыртпайтын және қажетті тұрақтылықпен ерекшеленбейтін жалған толғақ. Босану жақындаған сайын, толғақ соғұрлым қатты болып, ауыртып келеді, өйткені жатыр мойны сәбиді өткізуге дайындалып созылады. Егер дене күйін өзгерткенде немесе жылы душ қабылдаған соң, толғақ тоқтап қалса, онда бұл босануға дейін әлі уақыт бар деген сөз.
• Салмақтағы өзгеріс. Босану алдында әйел ағзасы босануға «артық» деп санайтын бірнеше килограмды жоғалтуы мүмкін. Кейбіреулердің тәбеті де болмауы мүмкін.
• Шырышты тығынның шығуы. Босану алдында қынаптан кейде қан аралас шырыш белсенді бөліне бастауы мүмкін. Ол жатыр созылғанда шырышты қанмен бояйтын кішкентай тамырлардың жарылуынан пайда болады. Шырышты тығын біршама үлкен және тығыздау келген кесек болып табылады, ол босану жолының бос екенін және сәбидің жуырда дүниеге келуі үшін қозғала бастайтынын білдіреді.
• Іштің төмен түсуі сәбидің жамбасқа қарай төмен түсіп келе жатқанын білдіреді. Әйелдің тыныс алуы жеңілдеп, қыжылы басылады, әйтсе де сәбидің жамбас мүшесіне қысым түсіруі зәр шығару мен дефекацияның жиілеуіне алып келеді. Кейде іштің төмен түсуі жамбастың ауыруымен берілуі мүмкін.
УДЗ жасау
Егер жүкті әйел қалыпты дамып, ана мен бала өзін жақсы сезінсе, онда осы мерзімде УДЗ жасаудың еш қажеттілігі жоқ. Бірақ егер патологияның дамуына күмән туындаса, дәрігер зерттеуді тағайындауы мүмкін.
Бұдан ерте мерзімдегідей, дәрігер жатырдың, плацентаның жағдайын бағалайды, сондай-ақ жатыр мойнын тексереді. Бірақ бәрінен бұрын сәбиге: оның бойына, салмағына, жүрек қағысына, ішкі мүшелерінің дамуы мен олардың қызметіне көп көңіл бөлінеді.
Болашақ ана өз өмірін барынша жағымды эмоциялармен қанықтыруы қажет. Сәбиіңізбен кездесу сәті қандай болатыны жайында армандаңыз, бірақ та босануға дайындықты да ұмытпаңыз. Қалай дұрыс тыныс алып, күшенуді білу үшін босанатын әйелдерге арналған курсқа барыңыз. Бұл босану процесін айтарлықтай жеңілдетіп, ауырғанын азайтады.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.