Бала күн сайын әлемді тануы керек!
Керемет жас: балаңыз қаз-қаз басып жүріп жүр! Ол тепе-теңдікті жоғалтпас үшін аяғы мен қолын алшақ қойып, қуана-қуана әрлі-берлі жүреді. Енді оған далада серуендеуге арналған жұмсақ етік сатып алатын кез келді. Бала баспалдаққа төрт аяқтап көтеріледі, ал төмен түскенде арқасымен түседі, айналадағы нәрсенің бәріне өрмелеп шығып, қол жеткізеді. Бұрандалы қақпақтарды, есік тұтқаларын және кітап беттерін ашуды үйренуде. Өзін киіндіргенде көмектеседі, тез-тез шешінеді және аяқкиімін шешеді. Бала алға ғана емес, шетке де, артқа да жүре алады, допты ересек адамдарша теуіп үйренуде. Сонымен қатар бала үлкен түрлі түсті қарындаштармен сурет салады, екі-үш текшеден мұнара жасап, ұсақ заттарды ыдысқа салады. Бұл жастағы балалардың кез келген сүйікті істерінің бірі – контейнерлерді толтыру және босату.
Сақ болыңыз! Бала әлі де аузына түрлі заттарды, оның ішінде жеуге болмайтын заттарды салып алуы мүмкін. Оның жаңа қабілеттерінің күшті әрі қызықты болғаны соншалық оны тамақтандыру және ұйықтату қиын.
Бір жарым-екі жас аралығында бала қоршаған заттарды өзі көрмесе де, олардың тіршілік ете беретінін біледі. Ол заттың бір жерден екінші жерге ауысқанын көргенде, оны соңғы орнынан іздейді. Сондай-ақ ол көрмеген заттарды, өзгерістерді іздейді.
Қазір бала символдарды түсініп, өзі көре алмайтын адамдар, заттар мен оқиғалар туралы ойлана алады. Ол қазір қасында жоқ біреудің мінез-құлқына еліктей алады. Жадында қалған заттардың суретін сала алады. Шамамен екі жасында заттарды түсі, пішіні сияқты жалпы белгілері негізінде сұрыптай алады.
Бала себеп пен салдар арасындағы байланысты түсіне бастайды. Егер әртүрлі заттарды қасықпен ұрсаңыз, әртүрлі дыбыстар шығатынын біледі.
Бұл жастағы балалар гравитацияға тәжірибе жасағанды жақсы көреді: олар заттарды әдейі лақтырады, бұл жаңа тәжірибені үйренудің маңызды қадамы. Үйрену сынақтар мен қателіктер арқылы жүзеге асырылады.
Бұл жаста бала дененің кейбір бөліктерін (мұрын, көз), үй жануарларын (мысық, ит (ав-ав)), сондай-ақ күнделікті өмірдегі заттарды (машина (би-би), доп) атай алады. Бала жануарлардың дыбыстарын қайталауға тырысады.
Бүлдіршіннің сөйлеуіне мүмкіндік беріңіз және оның барлық талпыныстарын марапаттаңыз, өйткені ол сөйлеуді және жаңа сөздерді бекітуді осылай іске асырады. Мысалы, ол бір сөз айтқан кезде оның сөзімен байланысты сөздерді көбірек айтыңыз. Мысалы, ол: «аф-аф» десе, сіз: «ия, далада иттер жүр» деп жауап беріңіз.
Балаға әлемді зерттеуге қалай көмектесуге болады?
Пазлдар мен конструкторлар. Балалар жинауға және бөлшектерге бөлуге болатын, тесіктерге салуға болатын пішіндері әртүрлі ойыншықтарды жақсы көреді. Бұл үлкен бөлшектері бар алғашқы пазлдар, пластикалық құралдар жиынтығы және құрылыс блоктары, текшелерге арналған тамаша уақыт.
Бауы бар сүйреп жүретін ойыншықтар. Балаларға қозғалатын ойыншықтарды тартып, итерген ұнайды. Оған ұзын тұтқасы бар ойыншық, арба, вагон, шар, әртүрлі заттарға толы қорап беріңіз. Бос аяқкиім қорабына бауды немесе арқанды байлап, ішіне қонжықты отырғызып, балаңызға сүйре десеңіз, керемет шана болып шыға келеді.
Сабын көпіршіктері. Ваннаға көпіршіктер құйып, шомылған кезде оларды ұстауға болады. Сақ болыңыз және жарақаттанып қалмас үшін баланың отыруына көмектесіңіз. Сондай-ақ, көпіршіктері бар ойындарды далада ойнаған өте қолайлы.
Сурет салу. Балаңызға бір парақ қағаз бен улы емес балауыз борын ұсыныңыз. Оған бормен қалай сурет салуға болатынын көрсетсеңіз, бала іс-әрекетіңіз бен нәтижеңіздің арасындағы байланысты бірден ұғып алады. Жас суретшінің шедеврі дайын болған кезде оны көрінетін жерге іліп қоюды ұмытпаңыз.