Әйел өзін қалай сезінеді?
Осы мерзімде әйел жүктіліктің жетінші айына аяқ басады, сол себепті алдағы босану сәті күннен күнге жақындай түседі. Бұл кезеңде болашақ ананың қал-жағдайы біршама нашарлауы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, өйткені ұрық өлшемі жағынан өсуін жалғастырады, жатыр өсіп, басқа ішкі мүшелерді күннен күнге қысады. Сондықтан әйелдің жүруі қиындай түседі де, ол үнемі шаршап жүреді.
Осы мерзімге дейін еш қиындықсыз бала көтеріп жүрген әйелдердің өзі шамалы денсаулықтары болмай, ауырсынып жүрулері мүмкін. Көп жағдайда болашақ аналардың белі ауырады, өйткені алдағы босануға дайындалып жатқан белдің бұлшықеті біртіндеп созылады. Кейбіреулерінің аяқ тамырлары қабынып, варикоздық кеңею пайда болуы мүмкін.
Орташа есеппен жүктіліктің жетінші айына қарай жүкті әйел шамамен сегіз килограмм салмақ қосады. Бұл сан сәбидің салмағынан, плацентадан, қағанақ суы мен ұлғайған қан көлемінен құралады. Іш те тоқтамай өсіп келеді.
Әйелдің көкірек қуысы, жамбас жағы ауыра бастауы мүмкін, өйткені өсіп келе жатқан ұрыққа көбірек орын қажет, сондықтан жатыр басқа ішкі мүшелерді әдеттегі орындарынан ығыстыра бастайды. Көп жағдайда бұл процесс қыжылдың пайда болуымен сипатталады. Осы жайсыз құбылысты болдырмау үшін жиі, бірақ аз порциямен жеп, артық тамақ жемеуге тырысу қажет.
29-аптада әйелдің денесінде ерекше гормон – релаксин шыға бастайды. Ол жамбас сүйектерін босану процесіне дайындап, босаңсуына септігін тигізеді. Гормонның жеткілікті көлемі сәбиіңіздің дүниеге келуін жеңілдетеді. Осы мерзімде кейбір әйелдерің қайталама токсикозы (гестоз) басталады. Ол бірінші триместрдің токсикозына қарағанда әлдеқайда ауыр болады.
Гестозға тән симптомдар – аяқ-қолдың ісінуі, лоқсу, жоғары қысым және несепте ақуыздың болуы. Гестоз көп жағдайда көпұрықты жүктілігі бар әйелдерде, сондай-ақ 35 жастан асқан балалы болуға шешім қабылдаған әйелдерде байқалады. Сондай-ақ қауіп-қатер тобына вегетативті-тамырлық дистониямен, қант диабетімен немесе гипертониямен ауыратын әйелдер кіреді.
Егер болашақ ана тамақтану рационын шамалы өзгертетін болса, гестоз симптомдарын жеңілдетуге болады. Жылдам салмақ қоспауға тырысу қажет. Сондықтан тұзды және бұрыш қосылған өнімдерді тамаққа қолдануды шектеу керек, ал әдеттегі шай мен суды итмұрын қайнатпасына немесе мүкжидек морсына алмастыру қажет.
Әйел құрамында ақуызы көп тағамдарды: сүзбені, жұмыртқаны, майсыз етті және балықты жеуі қажет. Рационда жаңа піскен көкөністер мен жемістер ерекше орынға ие болуы тиіс, ал майқоспалы тәтті тағамдар мен басқа тәттілерді мүлдем жемеген дұрыс.
Егер жүкті әйелдің зәр шығаруы бұзылса, онда тегіс жерде төрт аяқтап он минут бойы күніне бірнеше рет тұру ұсынылады. Бұл бүйректің жұмысына қолайлы әсер етіп қана қоймай, белдің ауруын да жеңілдетеді.
Баланың дамуы
Осы мерзімде сәбидің бойы 36 сантиметрге жетеді, ал салмағы шамамен 1200 грамды құрайды.
Бала өте белсенді өсетіндіктен, оған анасының жатыры күннен күнге тар бола бастайды. Сондықтан да сәбидің қозғалысы бұрынғыдай ретсіз емес, бірақ әлі де өте күшті. Бала енді жатырда аса көп аударыла бермейді.
Сәбидің сырт келбеті де өзгереді. Оның алғашқы түктері, нәрестенің терісін жапқан ерекше түк шаштары, лануго, жоғала бастайды. Алдымен аяқ-қолдағы, кейін иықтағы, арқа мен дененің қалған бөліктеріндегі түктер кетеді. Алғашқы түктермен бірге алғашқы май мөлшері де азаяды. Алайда, ол сәби денесі қатпарланған жерлерде қалып қояды.
Баланың шелмайының мөлшері ұлғая береді және ол буын айналасында қатпарлар түзе бастайды.
Баланың қан құрамы өзгереді. Оның ішінде оттекті тасымалдауға, инфекциялармен күресуге және қансырауды тоқтатуға көмектесетін барлық жасушалар бар. Сәбидің жүрегі ырғағын шамалы баяулатады, енді жүрек минутына 130 рет қағатын болады. Осы кезеңде сәбидің денесінде аралас қан айналып жүреді (көктамыр қаны мен кіндіктен шыққан артериялық қан), бірақ туғаннан кейін қан айналым шеңбері бөлінеді.
Сәби толық қалыптасқан ас қорыту жүйесіне ие. Ол ана сүтін қабылдауға және баланың ағзасын қоректік заттармен қанықтыра отырып, оны қорытуға толық қабілетті. Ұрықтың бүйрегі тәулігіне шамамен жарты литр зәр бөле отырып, белсенді жұмыс істеуін жалғастырады.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.