Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 36-аптасы

Ананың қал-жағдайы

Сәбимен кездесетін уақыт жақындай түсті. Бұрын босанған әйелдер, көп жағдайда, дәл осы мерзімде босануы мүмкін.
Босанудың бірінші кезеңі белсенді әрі тұрақты толғақпен басталады, ол жатыр мойнын сәби өте алатындай етіп созатын болады.
Босанудың екінші кезеңі – баланың босану жолдарымен өтуі және анасының құрсағынан шығуы.
Үшінші кезеңде ұрық жолдасы бөлініп, сыртқа шығарылады.

Бірақ әйелдердің көбі алдағы босанудың алдында жатырдың өзіндік жаттығуы ретіндегі айтолғақты бастан кешеді. Оларды нағыз толғақпен шатастырмау қажет, әйтсе де айтолғақтың күші айтарлықтай қатты болуы мүмкін. Нағыз толғақты айтолғақтан оның тұрақтылығы ажыратады: егер босану шынымен де басталған болса, толғақтар бірдей уақыт аралығында жалғасып отырады. 
Жүкті әйелдердің көбінде осы мерзімде аяқтары мен белдерін тоқ соққандай сезім пайда болады. Бұл қалыпты жағдай, өйткені ұрық жүйке ұштарына тиіп, жамбасқа қарай төмен түседі. 
36-аптадағы жүктілік терінің созылуынан пайда болатын соңғы жайсыздықты – қызылдау жолақтар түрінде созылуды алып келеді. Олар іште және санда, яғни, тері көп созылған жерлерде пайда болуы мүмкін. Әдетте босанғаннан кейін созылу не толық жоқ болып кетеді, не уақыт өте ақшылданып, көрінбейтіндей болып қалады. 
Омырау да өзгереді. Сүт бездері ауырлай түседі, өйткені олар алдағы уақытта емізуге дайындалады. Омыраудан сәби өмірінің алғашқы күндерінде қоректенетін ерекше сұйықтық уыз бөліне бастауы мүмкін. Әйел бөлінген уызды міндетті түрде байқайды, өйткені ол бюстгальтердің ішкі жағында ылғалды із қалдыратын болады. 
Әйел өсіп келе жатқан омырауды жақсы ұстап тұратын және әдемілігі мен шымырлығын сақтауға көмектесетін мақтадан жасалған арнайы бюстгальтерді сатып алуды алдын ала ойластыруы тиіс. 
Болашақ ана сәбиінің біршама аз қозғалатынын сезеді. Жатырда орынның жетпеуін, босануға дайындық пен қағанақ суы көлемінің азаятынын ескеретін болсақ, бұл қалыпты жағдай.

Құрсақтағы баланың дамуы

Сәбиіңіз үлкен болып өсіп қалды. Бойы 47 сантиметрге, ал салмағы – 2800 грамға жетті. Бұл ата-анасының генетикасына және жүктіліктің ағымына байланысты өзгеруі мүмкін орташа көрсеткіш қана. 
Сәбиіңіз топ-толық және жұмырланған болып көрінеді, бұған себеп болғаны оның айтарлықтай көлемде шелмай жинап алғаны. Терісі қызғылт әрі тегіс, түксіз десе де болады, бірақ бұрынғысынша сәбидің денесін май қабаты басқан. Баланың қасы мен кірпігін, сондай-ақ күннен күнге қарайып келе жатқан басындағы шашын айқын көруге болады. Аяқ-қолының тырнақтары да айтарлықтай өсіп қалған, ал құлақ жарғағы тығыздалған. 
Ұрықтың осыншалықты белсенді өскені оның аз қозғалуына алып келді, өйткені оған жатырдың ішінде енді орын жетіспейді. Бірақ анасы ара-тұра сәбидің қимылдарын айқын сезеді. Бала босануға дейін сақталатын өзінің тұрақты орнына орналасты. 
Баланың барлық мүшелері мен жүйелері толық қалыптасқан. Мидағы тыныс алу ортасы жұмысын кез келген сәтте бастауға дайын, ал жүрегі жиі қағуын жалғастырады, оның жүрек қағысы айқын әрі қатты шығады. Осы аптада босанған жағдайда, сәби ерекше күтімсіз және дәрігерлердің көмегінсіз-ақ өздігінен аман қала алады. 
Жүктіліктің 36-аптасына тән өзіндік ерекшелігі плацентаның біртіндеп солуы болып табылады, бірақ ол өз қызметін атқаруды жалғастырады. Егер плацента өте ерте және жылдам тозатын болса, бұл ұрықтың кемістігіне алып келеді, өйткені ол оттек пен қоректік заттардың қажетті көлемін ала алмайтын болады. Оттектің жетіспеуі сәбиге үлкен қауіп төндіреді: ол мүшелері мен жүйелерінің жұмысын бұзуы мүмкін, ең жаманы – өліммен аяқталуы мүмкін.

Босану

Әйел ішінің төмен түскенін байқаса да, бұл оның жақын арада босанатынын білдірмейді. Бұл процесс басталғанға дейін әлі бірнеше күн немесе апта өтуі мүмкін. Алайда, болашақ ана сәбиінің кез келген сәтте дүниеге келгісі келетініне дайын болуы тиіс. 
Жүктіліктің соңына дейін жетпей, 36-аптада босанып қалсаңыз, қорқатын ешнәрсе жоқ. Осы мерзімде бала толық қалыптасқан және анасының тәнінен тыс аман-есен өмір сүруге қабілетті. 
Осы кезеңде жатыр мен сәбидің жағдайын мұқият қадағалау үшін әйел гинекологқа апта сайын барады. Осы мерзімде босанатындай жағдай болып қалса, қорқатын түк те жоқ, оны жасанды әдістермен қоздырудың қажеті шамалы: денеңізге күш түсірмеңіз, жыныстық қатынасқа түспеуге тырысыңыз. 
Әйелдің босануға толық дайын болғаны дұрыс: перзентханаға арналған барлық қажетті заттарды жинап қойып, жүктілік туралы бүкіл ақпараты бар алмасу картасын әрдайым өзімен алып жүруі қажет. 
Болашақ аналардың көбі алдағы босану жағдайынан қорқады. Бірақ алаңдайтындай түк те жоқ, өйткені босану – әйелге тән табиғи құбылыс, сондықтан оған жұмыс ретінде қарау қажет. Шындап келгенде, әйелде таңдау жоқ, өйткені оның орнына ешкім бала туып бере алмайды. Бастысы, босанудың тек анаға ғана емес, сонымен қатар, тар босану жолдарымен қысылып өтуге тырысатын балаға да қиын әрі ауыр процесс екенін есте сақтау керек.

УДЗ жасау

Егер жүктілік қалыпты дамитын болса, жүктіліктің 36-аптасында УДЗ жасалмайды, өйткені дәрігер бұған дейін барлық қажеттісін тексеріп шыққан. 
Алайда, асқыну туындаған жағдайда, плацентаның жетілу дәрежесін бағалау, ұрықтың орналасуы мен жатырдың жағдайын анықтау үшін қосымша тексеру қажет болуы мүмкін. 
Алынған мәліметтер дәрігерге босандыру әдісін анықтауға көмектеседі. Егер сәби басын төмен қаратып жататын болса, босану табиғи жолмен жүзеге асады, ал егер бала іште көлденең орналасса, онда ота жасау қажет болады. 
Әйелдердің көбі УДЗ-дан сәбидің басының домалақ екенін көреді, бірақ босанғаннан кейін ол сәл созылған әрі сүйір болады. Бұл сәбидің босану жолдарымен өткен кезде оның мыжылуы салдарынан пайда болды. Нәрестенің сүйегі әлі де болса жұмсақ болғандықтан, жақын уақытта басы қайтадан домаланады.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView