Балалық шақтағы эмоциялар
Нәрестеңізде алғашқы эмоциялар қашан пайда болады? Туғаннан бастап! Адамның алғашқы эмоциялары туралы адам туылған кезде-ақ қалыптасады. Бұл әдетте, физиологиялық себептерге байланысты болатын жағымсыз уайымдаулар.
Өмірінің алғашқы апталарында әртүрлі жағдайларда ересектердің бет-әлпетін еске түсіретін әртүрлі ым-ишараны нәрестенің бет-әлпетінен байқауға болады. Сәби әлі сөйлей алмайтындықтан, оның ауырсынуды немесе қорқыныш сезінетінін нақты айта алмаймыз. Көбінесе мұндай өзгерістер баланың бет-әлпеті арқылы көрінеді. Іс жүзінде айқайлау, жылау арқылы нәресте ересек адамға жағымсыз эмоцияларын немесе физиологиялық қажеттіліктерін білдіреді. Бұл әлеммен қарым-қатынас жасаудың бір тәсілі деуге болады. Ұқсас жағдайда пайда болатын эмоциялар әртүрлі жаста түрліше болуы мүмкін, өйткені кішкентай бала айналасында болып жатқан оқиғаларды басқаша түсіндіре бастайды. Уақыт өте келе сергек болатын уақыты біртіндеп артып, сонымен бірге жағымсыз эмоциялар саны азаяды.
3 айға дейін
Бұл кезеңде баланың эмоционалды жағдайы әлдеқайда албырт болады, ол себеппен-себепсіз жиі өзгереді. Бала қазірдің өзінде күліп, дауыстап, қозғала алады, осылайша өзінің оң эмоцияларын көрсетеді. Мұндай реакциялар «жандану кешені» деп аталады және де бұл ересек адамның эмоционалды қарым-қатынасына, ойыншыққа, әнге, музыкалық әуендерге реакциясы болып табылады. Бұл жаста нәресте жақын адамдарының назарын жеке эмоционалды реакцияларымен (күлімсіреу, қимылдау, ыңырсу, айқайлау...) тартады және қызықтырады.
Егер анамен қарым-қатынас жасау тоқтаса, ойыншық кенеттен жоғалып кетсе, қоршаған ортада күрт өзгерістер болса (ауа температурасы, ауырсыну, қозғалыстың шектелуі) теріс эмоциялар пайда болуы мүмкін. Балақай кенеттен шыққан дыбыстардан шошынуы немесе аз уақыт қозғалыссыз қалуы мүмкін. Таңғалу және мұңаю сияқты эмоционалды реакциялар өмірінің 4-ші айына дейін пайда болады. 3 айдан бастап нәресте ересек адамның жағымсыз да, жағымды да дауысына және әртүрлі ым-ишарасына күле бастайды.
6 айдан бастап
Бұл кезде немесе сәл ертерек нәресте ересек адам дауысының интонациясын ажырата алады. Ол ересек адамның нәзік үніне күледі, қатал дауысын естігенде қабағын түйеді. Бала күтпеген жерден шыққан қатты дыбыстардан қорқуы мүмкін. Алты айлық бала жақын адамын көргенде қуанады және онымен сөйлескісі келеді. Ол өзінің эмоциялық қалауын білдіреді, сүйікті ойыншығын көргенде күледі, оған қолын созады. Бала айналасындағылардың бәріне эмоционалды тұрғыдан таңдау көзқарасын танытады. Ол заттарды түсі, өлшемі, пішіні, фактурасы бойынша таңдайды, әртүрлі эмоционалды реакцияларын көрсетеді (оң және теріс, ұзақтығы мен жиілігі әртүрлі). Бейтаныс адамды көргенде немесе жаңа жағдайға тап болғанда алты айлық бала елеңдейді, ұялуы, қорқуы мүмкін.
Егер сезімі жағымсыз болса, бетін тыржитады, айналшықтап, мазасызданады. Бала қорқынышы мен ашуын 5-7 айында көрсете алады.
6-8 ай
Бұл кезде бала ұялу мен қорқақтық сезімін үйренеді. Ол қазірдің өзінде басқа адамдардың эмоцияларын, ым-ишарасын және дауыстық интонацияларын керемет келтіреді, күледі, шиқылдайды, тікелей қарым-қатынас жасаған кезде жақындарының іс-әрекеттерін қайталайды.
9 айға дейін
Бұл кезде бала белгілі бір ойыншықтарын таңдап, олармен тыныш және қызыға ойнайды. Ол ересектермен көңілді ойнағанына қуанады. Өзіне назар аударту үшін және көтер дегенді білдіру үшін күлімсіреуі немесе қыңырлануы мүмкін. Бала мақсатына жету үшін, тіпті, тілі шыққанда да ата-анасының не нәрсеге жиі жауап беретінін, нәтижеге тезірек жетуіне не әсер ететінін қолданады. Бұл кезеңде бала ересек адамның әртүрлі ым-ишарасы мен интонациясын ажырата алады және соған сәйкес жауап бере алады. Ересек адамның күлкісі қуаныш сыйлайды, ал бет-әлпетін өзгертсе, көзіне жас келіп, қорқады. Бейтаныс ересек адамды көргенде, бала жылайды, еңбектеп қашады, ренжиді және т.б. Қалпын өзгерте алмаса, наразылығын білдіреді. 9 айлық нәрестенің эмоционалды қорында қызығушылық, рақат, қуаныш, көңіл, реніш сияқты әртүрлі жағдайларға арналған сан түрлі ым-ишара болады.
12 айға дейін
Бір жасар бала жақын адамын фотосуреттен таниды, оны көргенде қуанады. Оған бұрамалы ойыншықтар ұнайды. Өз бетінше дыбыс шығарса немесе ойыншықты дұрыс пайдаланса бала өте қатты қуанады. Музыка мен әндерді тыныш отырып тыңдай алады, күледі, секіріп, ән айта алады. Бір жасына таман бала белсенді еңбектей және жүре бастайды, ал ата-аналары «болмайды!» деген сөзді жиі айтатын болады. Көбінесе нәресте ренжіп, тыйым салғанда наразылығын білдіреді. Күрделі және бейтаныс жағдайларда бала ересек адамға сұраулы жүзбен қарайды. Бала ересектер мен құрдастарының ым-ишарасына, күлкісіне, қимылдары мен ойын қозғалыстарына белсенді еліктейді. Ол басқа балаларға, кітаптардағы суреттерге ерекше қызығушылық танытады. Ол айналасындағы адамдарға, ойыншықтарға, заттарға эмоционалды түрде басқаша қарайды (жақындауға тырысады, сабырлы, күлімсірейді немесе қабылдамайды, шеттейді). Ата-ананың махаббаты мен мейіріміне толы жағдайда өскен бала көңілді және белсенді болып өсетінін ұмытпаңыз. Оның эмоционалды көріністері әсерлі және әртүрлі болады, ал әсері терең және толық болады. Жиі тыйым салу, қарым-қатынастағы салқындық пен эмоцияның аздығы баланың оқшаулануына, жабырқаңқылығына және жылауық болуына әкеледі.