Гормондық өзгерістер Гормондық өзгерістер
Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Гормондық өзгерістер

Жүктілік – қалыпты жағдай, дені сау әйелдердің көбінде ешбір асқынусыз жүреді немесе болар-болмас қана проблемалар туындауы мүмкін.

Дегенмен, денеңіз әдеттегі қызметімен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістерден өтеді, сондықтан жүктіліктен не күтуге болатынын біліп алған абзал.

Әр әйелге жүктілік өзінше әсер ететінін естен шығармаған жөн. Егер бұл сіздің алғашқы жүктілігіңіз болса, сіз өзіңізде болып жатқан барлық өзгерістерді мұқият қадағалап отырған боларсыз. Олардың кейбірін, мысалы, салмақ қосқаныңызды елемей қалу мүмкін емес. Ал кейбір өзгерістер онша байқалмай-ақ, тіпті назарыңыздан тыс қалуы да мүмкін.

Қай кезде алаңдау қажет?

Қалыпты және қорқынышты жағдайдың арасындағы шек анық болмауы да мүмкін. Кейбір өзгерістердің айқын үрей тудыратыны мәлім: қан ағу, іштің ауыруы немесе баланың баяулап қалған қимылы. Бірақ басқа өзгерістерді, мысалы, қан қысымының көтерілгенін немесе несептегі ақуыз мөлшерін өздігіңнен байқау қиын. Жүктілік кезінде дәрігерге немесе акушерге жиі қаралудың маңызды себептерінің бірі осы.

Орынсыз сұрақтар болмайды

Дәрігеріңіздің кеңесі – күйзелістен арылтатын және жүктілікті ризалықпен өткізетін маңызды құрал екенін есте сақтаған жөн. Басқасынан бөлек, оның рөлі қолдау көрсету мен үйретуден тұрады, сондықтан анықтап алғыңыз келетін нәрселердің тізімін жасаңыз, жүктілігіңізді жүргізуге белсенді түрде қатысудан ұялмаңыз.

Физикалық өзгерістер

Жүктілік кезіндегі ерте өзгерістердің көбі ұрықтанған жасушаның жатыр түтігінен шығып, жатыр қабырғасына бекуімен байланысты. Денеңіздің негізгі басымдығы оны демеп, аман қалуының мүмкіндігін арттыру болады.

Ал мен ше?

Жүктіліктің алғашқы апталарында дене өзімен-өзі қызмет істейтіндей болып көрінуі мүмкін. Денеңіз ұрықтанған жұмыртқа жасушасын қалай қоректендіріп, толық дамығанша қалай сақтайтынын өзі біледі. Мұның бәрі, әрине, сіздің өзіңіз бен сіздің қажеттіліктеріңіз екінші орынға сырылатынын білдіреді. Бала көтерген кезең ішінде баланың аман қалу мүмкіндігін барынша арттыру үшін сіздің ахуалыңыз, икемділігіңіз, ас қорыту мен зат алмасу процестеріңіздің бәрі өзгереді.

Фолий қышқылын қабылдауды ұмытпаңыз

Алғашқы апталарда ағзаңызда проблема тудыруы мүмкін уытты заттарға жоламауға тырысыңыз. Тәулігіне 500 микрограмм мөлшерінде фолий қышқылын пайдаланғанда баланың жүйке түтігіндегі ақаудың пайда болу ықтималдығын азайтуға көмектеседі.

Ерте физиологиялық өзгерістер

  • Өткізіп алған етеккір. Егер сізде 28 күндік цикл болса, онда овуляция соңғы етеккірдің алғашқы күнінен есептегенде шамамен 14-ші күні болған болуы керек. Ұрықтану, әдетте, овуляциядан кейін бірнеше күн ішінде болады.

  • Ұрықтанғаннан кейін шамамен 5-10-күндері қынаптан аздап қан ағады. Оны имплантациялық қан ағу деп атайды және ол ұрықтанған жасуша қан тамырларына қанық жатыр эндометрийіне енгеннен кейін пайда болады. Имплантациялық қан ағу әйелдердің 50%-тен аз бөлігінде болады, сондықтан сізде ондай нәрсе болмаса, уайымдаудың қажеті жоқ.

  • Емшек пен оның ұштарының өзгеруі. Жоғары сезімталдық, емшек ұшының ұлғаюы, қараюы және жамбас тұсындағы ауырлық сезімі қалыпты құбылыс болып табылады.

  • Ауызда темірдің немесе түсініксіз нәрсенің дәмін сезу.

  • Жүкті әйелдердің көбі өздерін біртүрлі сезініп немесе бала көтергендерін іштен сезіп жүргендерін байқап жатады.

  • Кіші дәретке жиі бару. Ұзақ шыдап жүре алмай, қуықты тез арада босату қажеттілігі.

  • Әлсіреп, шаршау сезімі.

  • Жүрек айну сезімі және қалыпты тәбеттің өзгеруі. Иіс сезу күшейіп, кейбір иістерді көтере алмаушылық пайда болады. Қызыл ет, шикі тауық еті, балық және жұмыртқа жүктіліктің алғашқы айлары әсіресе ауыр қабылданады.

  • Бет пен кеудеге безеулер мен тарам-тарам тамырлар шығып кетеді.

Кейінірек болатын физиологиялық өзгерістер

  • Жүктіліктің шамамен 12-ші аптасынан бастап іш көлемінің ұлғаюы. Сіздің ұлғайған жатырыңыз көтеріліп, жамбас сақинасынан шығып, жоғары қарай қозғала бастайды.

  • Кеуде өлшемі ұлғайып, ареолалары қарайып, кішігірім безеулер пайда болады. Жүктіліктің үшінші триместріне қарай кейде сәл ағып тұратын уыз пайда бола бастайды. Мұндай өзгерістер омырауыңыз сүт шығаруға дайындалған кезде орын алады.

  • Салмақтың артуы. Жүктілік кезінде қосатын қалыпты әрі дұрыс салмақ 10-14 килограмды құрайды. Бірінші триместрде, әдетте, аз ғана, екінші триместрде одан көбірек, ал үшінші триместрде ең көп салмақ қосылады.

  • Баланың сезілетін және көрінетін қимылдары. Көбінесе аналар алғаш рет баланың қозғалғанын (алғаш қимылдағанын) шамамен жүктіліктің 16-аптасынан бастап сезеді. Бала көтергені бұрын да болған, не болатынын білетін аналар баланың қимылдарын ертерек байқаулары мүмкін.

  • Көлемі ұлғайған жатыр өкпе мен көкетті қысатындықтан демікпе пайда болады. Шамамен 36-шы аптадан бастап бала тууға дайындалып, жамбасқа түскенде «жеңілдеп» қаласың. Бұл жағдай көбінде балалары бар әйелдерге қарағанда алғаш рет босанатын аналарда болады.

Венаның түйінді кеңеюі, геморрой, терінің созылуы, асқорыту проблемалары, қыжыл, іш кебу, іш қату және аяқтың ісуі. Егер осы белгілердің бәріне қарап отырсаң, әйелдерді бала тууға не итермелейтін ойлап, таң қаласың, солай емес пе? Бұл қарабайыр естілгенімен, перзентіңізді қолыңызға алғанда барлық проблемаңыз ұмыт болады.

  • Жүрегіңіз минут сайын айналдырып отыратын қан мөлшері жүктіліктің алғашқы 20 аптасында шамамен 40% артады. Жалпы қан көлемі бала туған сәтке дейін 5-тен шамамен 7-8 литрге артады. Бұл жүрегіңіз бен бүкіл қанайналым жүйеңіз өз белсендігін арттырып, жүктіліктің қосымша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бар күшін салып жұмыс істейтінін білдіреді. Кейде шаршап қалатыныңыз таңқалдырмайды.

Гормондық өзгерістер

Жүктілік кезінде өміріңізді гормондар басқаратындай болып көрінуі мүмкін. Олар жүктілігіңізді сақтап, балаңыздың аман қалу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін басты рөл атқаратын болады. Бірақ гормондар көңіл-күйіңіздің өзгеруі мен эмоциялық тұрақсыздыққа да жауап береді. Егер сіз әдетте оңайлықпен жылай қоймайтын, өзіңізді ұстай алатын болсаңыз, жүктілік мінезіңіздің мүлдем жаңа қырларын ашуы мүмкін.

Кейде күйзеліске түсіп, денеңізде болып жатқан өзгерістердің салдарынан сәл абыржып қалуыңыз мүмкін. Сенсеңіз, көңіл-күйіңіз әрдайым осылай өзгеріп тұрмайды, эмоциялық фон бала туғаннан кейін тұрақтанады.

Эмоциялық денсаулық

Жүктілік өміріңіздегі көптеген өзгерістердің (физикалық, психикалық және эмоциялық) басталғанын білдіретіндіктен, кейде сіз өзіңізге таңдана қарайсыз. Жүктілік кезінде әйелдер көп жағдайда жоғары деңгейдегі күйзелісте болады.

Сіздің күйзеліс деңгейіңіз бірқатар факторларға байланысты болуы мүмкін, бірақ кейбір әрекеттер оларды азайтуға көмектеседі:

  • нендей үмітіңіз барын түсіне біліңіз,

  • ішімдіктен немесе есірткіден аулақ болыңыз,

  • қарым-қатынастағы қосымша анықсыздық тудыруы мүмкін проблемаларды шешіп алыңыз,

  • өзіңізге күтім жасаңыз – өзіңізге жайланып, босаңсып жүруге көмектесетін нәрселерге көңіл бөліңіз.

Психикалық денсаулық

Жүктілік кезіндегі белгілі бір күйзеліс дәрежесі қалыпты болып табылады. Бірақ, бойыңызды күйзеліс билеп алғандай көрінсе немесе күнделікті тірлікті тындыру қиын болып жатса, бұл психикаңыздың бұзылғанын білдіреді.

Жүктілік кезінде және бала өмірінің алғашқы жылында әйелдер өз өмірлерінің кез келген басқа кезеңіне қарағанда психиканың бұзылуына көбірек шалдығады. Бірқатар мазасыз күй мен күйзелістерді қоса, жүктілік кезінде пайда болуы мүмкін психикалық бұзылыстардың әртүрлісі болады. Егер сіздің өткен өміріңізде және/немесе отбасылық анамнезіңізде психиканың бұзылу жайттары бар болса, ықтималдық өседі. Биөрістік бұзылуы бар әйелдер де қауіп-қатер тобына кіреді, сондықтан дәрігермен ауру тарихы туралы сөйлескен маңызды. Өйткені ол жүктілік кезінде қандай дәрі-дәрмекті қауіпсіз пайдалануға болатынына әсер етуі мүмкін.

Ең бастысы – психикалық бұзылу белгілерін анықтап, ерте кезеңде көмекке жүгіне білу. Маманға неғұрлым тезірек қаралсаңыз, соғұрлым тезірек жазылып, бала тууға дайындала аласыз.

Бақылаудан айырылу

Егер сіз ұнататын тағамдарыңызды, порция мөлшері мен тамақтың жалпы түрін үнемі толық қадағалап тұрған болсаңыз, жүктілік кезінде өкілеттіктеріңіздің көп бөлігінен айырылуыңыз мүмкін. Дене пішіні мен киім өлшемі жүктілік кезінде міндетті түрде өзгереді. Бірақ бұл жақсы көріну үшін тырысып-бағудан бас тарту керек дегенді білдірмейді.

Шаш күтіміңізге көңіл бөліңіз, әдемі киініп, дұрыс салмақ қосуды қадағалаңыз. Жүктілікке байланысты шарасыздық сезімі жағдайыңызды тек нашарлатады. Осы уақытты жақсы қабылдап, әзіл-оспақты түсіне білу сезімін жоғалтып алмауға тырысыңыз.

Қорқыныш

Қорқыныш жүктілік кезіндегі көп тараған эмоция болып табылады. Ол жалпы сипатта, сондай-ақ нақты және бір нәрсеге бағытталған (мысалы, босанудан қорқу) болуы мүмкін. Жүкті әйелдер бір проблема мен шаруаға қадалып қалып, оны ойша қайта-қайта айналдыра беруі мүмкін. Қауіпті жағдайларда бір нәрсеге қадалып қалу күйзелістің немесе мезі болатын өтемдеуіш бұзылудың белгісі болуы мүмкін. Өзіңіздің не сезетініңізді акушермен немесе дәрігермен талқылаңыз. Олар осындай оқиғаларды бұрындары да көп мәрте естіген, ал сізге өзіңіз бен балаңыздың психикалық денсаулығының қамын ойлау керек.

Іс жүзіндегі аспектілер

Іс жүзінде болып жатқан проблемалар да айтарлықтай абыржытуы мүмкін: табыстың азаюы, тұрғын үй іздеу, бюджетті жоспарлау, балаларға күтім жасау және жай ғана үйде басқа кішкентай адамның пайда болуы. Серігіңізбен және отбасыңызбен сөйлесіңіз. Басқа түскен ауырлықты жеңілдету үшін пайдалы, шындыққа негізделген тәсілдерді ойластырыңыз.

Сізге кім қамқорлық көрсетеді?

Жүкті әйелдер жиі қарама-қайшы сезімдер билігінде болады. Кейде сіз болашақ ана екеніңізді ойлап қуанышқа бөленесіз, ал бір минуттан соң өзіңізді мүлде бөлек сезінесіз. Әсіресе ұйықтай алмаған кезде сіздің бойыңызда кінәлік сезімі ұялауы мүмкін. Сіз бала өзінің бұл дүниеге жоспарсыз келгенін біліп қояды деп немесе ол серігіңіз екеуіңіздің жоспарларыңыздан ерте туатынына уайымдайсыз. Абыржу, кінә, өкініш және тіпті үрей – жүктілік кезіндегі кең тараған эмоциялар.

Сын

Жүкті әйелдер көбінесе айтылған сынға өте сезімтал болып келеді. Кейде сіз айтылған әңгімені сын ретінде қабылдайсыз, ал шын мәнінде айтылған сөздің ешқандай сыни сипаты жоқ болуы мүмкін. Аса сезімталдық пен эмоциялық әсерлілік – кең тараған жағдай, сондықтан өзіңізге кейде қателесуге мүмкіндік беріңіз.

Егер сіз біреуге қатысты өзіңізді дұрыс ұстамағаныңызды сезсеңіз, кешірім сұрап, естиярлық танытыңыз. Бұл жанашырлық қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Сіз адамдардың көпшілігі қаншалықты сезімтал әрі түсіністік таныта алатынын біліп таң қаласыз.

EmptyView