Баланың осы аптадағы дамуы Баланың осы аптадағы дамуы
Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Баланың осы аптадағы дамуы

Сіз жүктіліктің соңғы айына аяқ бастыңыз. Бала туғанға дейінгі кері санақ басталды және 40-шы аптаға да аз қалды.

Егер әлі жұмыс істеп жүрсеңіз, жұмысыңызды біржақты қылатын кез келді, себебі декреттік демалыс, әдетте, босануға 4-6 апта қалғанда басталады. Оған дәлелді себептер бар. Жүктілік – қалыпты жағдай екеніне қарамастан, соңғы бірнеше апта ішінде әдеттегі режимде жұмыс істеу қиынға соғар.

Сіздің жұмыстағы соңғы күндеріңіз ешқашан бітпейтіндей баяу өтеді. Бар ойыңыз, бар көңіліңіз құрсақтағы балада. Сіз ойға беріліп, қажет емес уақытта армандап кететініңізді байқайсыз. Осылайша, табиғат сізді өміріңіздегі ең маңызды оқиғалардың біріне дайындайды.

Иә, бұл бала!

Жүктіліктің соңғы бірнеше аптасы – ойланатын және денеңіздің балаңыз үшін жасап жатқан маңызды жұмысына сүйсінетін кез. 35-ші аптада жүктіліктен жайсыздық сезетініңізге қарамастан, бұның белгілі бір артықшылықтары да бар. Адамдар сіздің көмекке мұқтаж екеніңізді көргенде анағұрлым әдепті болып, көмек қолын созуға дайын тұрады. Олар сізге және балаңызға шынымен қызығушылық танытады. Басқа адамдардың құлшынысы «жұқпалы» болып келеді және шынымен де әдеттен тыс нәрсе болып жатқанын еске салады. Тағы бір артықшылығы – егер сіз біраз демалып алғыңыз келсе және тілдесуден бас тартқыңыз келсе, сылтау іздеудің қажеті жоқ. Бұл әсіресе жазда өзекті, ол кезде жүктіліктің соңғы апталары шынымен де кез келген қонақ мәселесін қиындатады.

Осы аптадағы дене өзгерістері

  • Егер бала бөксесімен келсе, осы аптада оның басымен төмен түсетін кезі келді. Баланың ауыр әрі қатты басы қабырғаңыздың астынан төмен түскен кезде, біршама жеңілдеп қалатын боласыз. Баланың басымен келуі – бала үшін жатырдағы ең жақсы орналасу.

  • Осы аптада емшек ұшынан уыз шыға бастауы мүмкін. Сіз бюстгальтеріңізді шешкенде оның емшек ұшында құрғап, жарықшақтанып тұрғанын байқауыңыз мүмкін. Төс ауырлаған және көк веналары айқын көрініп тұр. Жүкті әйелдерге арналған ыңғайлы ішкиімді таңдаңыз. Бұл ауырлаған төстің кеуде қаңқасы мен иыққа түсіретін қысымын азайтады.

  • 35-ші аптада баланың айналасындағы қағанақ сұйықтығының мөлшері ең жоғары деңгейіне жетті және бұдан былай азая бастайды. Бұл сұйықтықты «су» деп атайды. Оның ерекше иісі бар, бірақ ол несепке мүлде ұқсамайды (жүктіліктің осы кезеңінде суды кейде несеппен шатастырып алады). Егер сізде су кеткендей сезім пайда болса, дәрігерге немесе акушерге қаралыңыз. Олар сұйықтыққа талдама жасап, оның не екенін анықтайды.

  • Сізге жүрегіңіз тоқтап қалып соғатындай немесе қатты соққандай болып көрінуі мүмкін. Ірі қан тамырларының орны ауысқандықтан және жүрекке түскен жүктемеден көбінде жүректің соғуы жылдамдайды. Егер кеуде тұсыңыз ауырса немесе тыныс алуыңыз қиындаса, дәрігерге қаралыңыз.

Осы аптадағы эмоциялық өзгерістер

  • Осы аптада шыдамыңыз таусыла бастайды. Жүктіліктің барлық ерекшеліктерін сезіну үшін Сіздің уақытыңыз жеткілікті болды және тым ұзақ күтіп жатқаныңыздай көрінуі мүмкін. Сіздің ойыңызда баланың бейнесі қалыптасып қойған, енді сіз оның қаншалықты дәл екенін көргіңіз келеді. Оның мұрны менікіндей бола ма екен? Бала күйеуіме ұқсай ма екен? Сәбидің жынысы мен қалағандай бола ма екен? Осындай және миллиондаған басқа сұрақтар сізге тыныштық берер емес. Шыдамды болыңыз. Балаңыз әлі дамып жатыр және дайын болған кезде дүниеге келеді.

  • Сіздің сезімталдығыңыз артып, эмоциялық реакцияларға бейім болуыңыз мүмкін. Аяғыңыз бен беліңіздің ауыруы күш-қуатыңызды сорып алғандай және күшіңіз қалмағандай болып көрінуі мүмкін. Денеңіз беретін белгілерге құлақ түріңіз, оған керектісін беріңіз және өзіңізді жазғырмаңыз. Егер мүмкіндік болса, бірнеше күн демалып алыңыз.

  • Жүктілік – әйел өміріндегі қалыпты жағдай екенін түсіну айтарлықтай қиын. Кейде бұл ауыртпалық болып көрінуі мүмкін, бірақ, іс жүзінде, бала көтере алатын дені сау әйелдер үшін жүктілік табиғи құбылыс болып табылады. Жүктілікті ауыру ретінде қабылдамаңыз.

Баланың осы аптадағы өзгерістері

  • Осы аптада баланың миы қарқынды дамиды. Бала туғанда жаңа стимулдарға дайын болу үшін нейрондар мен мидағы ерте байланыстар дамиды. Бала миының дамуына көмектесетін DHA және Omega 3-пен байытылған өнімдерді жеуді ұмытпаңыз. Майлы балық (арқан балық, сардина, тунец) – осы элементтердің ең жақсы көзі.

  • 35-ші аптада бала шамамен 450 г салмақ қосады. Оның бойында туғаннан кейін ағзаның жылу реттеуін сақтауға көмектесетін май жасушалары қалыптасады. Балалардың көбі туғаннан кейін алғашқы аптада салмақ тастайды, себебі көп энергия жұмсайды. Алайда туғаннан кейін екі апта ішінде олардың көбі жоғалған салмақты орнына келтіріп алады.

  • Қазір баланың бойы шамамен 50 см. Сәбидің бой ұзындығын өсіруге кеткен энергиясы енді салмаққа жұмсалады. Жүктіліктің соңғы бірнеше аптасында бала бар болғаны бірнеше сантиметрге ғана өседі.

Бала енді аз қимылдайды. Жатырда енді бірнеше апта бұрын болғандай еркін қимылдайтын орын да жоқ. Егер бала қимылдарының сипаты өзгергенін сезсеңіз немесе оған тән еместей тып-тыныш болып қалса, акушерге немесе дәрігерге қаралыңыз. Сәбидің белсендігін тек сіз ғана жақсы бағалай аласыз, сондықтан сіздің сөзіңізге мән бермейді деп ойламаңыз.

EmptyView