Жүктілік кезіндегі жайсыздық пен ауырсыну
Жүктілік сізге алуан түрлі сезімдер береді – олардың кейбіреуі керемет, енді біреулері – онша емес. Болашақ ананың ағзасында болып жатқан өзгерістерді ескере отырып (салмақтың едәуір артқанын алсақ та болады), кейбір ыңғайсыздық пен жайсыздықтар таң қалдырмайды. Олар неден туатынын және өзіңізге қалай көмектесуге болатынын түсіну өміріңізді айтарлықтай жеңілдетіп, өзіңізді физикалық және психологиялық жағынан жақсы сезінуге көмектеседі.
Кейбір ауырсыну мен жайсыздықтар ұзаққа созылмайды, басқалары болса ұзаққа созылып, маза бермей кетеді. Кейбірі жүктіліктің ерте айларында, басқалары сәби дүниеге келер күнге жақындағанда пайда болады. Әрбір аяғы ауыр әйел өзінше бір ерекше, сондықтан сізде осы бөлімде сипатталған жағымсыз белгілер болмауы да мүмкін.
Арқаның ауыруы
Әрбір болашақ ана арқасының ауыратынына шағымданады. Жүктілік арқаның төменгі бөлігінің ауыру қаупін арттырады, бұл ауырлық ортасының қозғалғанымен, әйелдің жүрісі мен дене мүсінінің өзгеруімен түсіндіріледі.
Іштің кебуі
Тіпті жүкті болмай тұрып-ақ әдеттегі іш кебу шалбарды түймелеуге кедергі келтіруі мүмкін. Жүктіліктің басында ағзадағы прогестеронның жоғары деңгейінің салдарынан бәрінен бұрын іштің кебуі көп мазалайды.
Іш қату
Жүкті әйелдердің барлығы дерлік іш қатудан қиналады. Іш қатудың пайда болу себептері мен оны болдырмаудың жолдарын түсіну сіздің жайлылық деңгейіңізге айтарлықтай әсер етеді.
Құрысу
Жүктіліктің әртүрлі кезеңдерінде бұлшықеттің құрысуы әйелдерде әртүрлі болады. Әдетте, аяқ сіңірі бірқалыпты тартылғанда ауырмайды және қауіп төндірмейді, ал қатты тартылғанда күрделі проблемалардың барын көрсетуі мүмкін.
Есіңізде болсын: жатыр құрысқан жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет!
Геморрой
Геморрой – жүктіліктің жағымсыз және айтарлықтай қауіпті бөлігі.
Бас аурулары
Жүктілік кезіндегі бас аурулары гормондар деңгейінің көтерілуінен, ұйқысыздықтан немесе тіпті кофеиннен немесе алкогольден кенет бас тартқаннан болуы мүмкін. Кенет басталған қатты бас ауру жүктіліктің ауыр асқынуының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралған жөн.
Қыжыл
Жүктілік кезіндегі қыжыл көп таралған. Бұл симптом қауіпсіз екеніне қарамастан, ол ауыр жайсыздық тудырады.
Имплантациялық қан ағу
Жүктілік расталғанға дейін қынаптан аздап қан ағатынын байқауыңыз мүмкін. Оның пайда болуының басты себебі – эмбрионның жатырдың ішкі қабатын зақымдауы. Бұл қалыпты құбылыс болып саналатын имплантациялық қан ағу. Ол күтпеген жерден пайда болуы мүмкін, сондықтан босқа уайымдамас үшін дәрігерден оның себебін біліп алыңыз.
Шаптың ауруы
Жатырыңыздың көлемі өскен сайын ол кіші жамбас мүшелерін қыса бастайды. Бұл шағын немесе орташа жайсыздық тудыруы мүмкін, ал кейбір жүкті әйелдерде ауру тудырады.