Нәрестенің режимі
Нәрестенің дұрыс күн тәртібі – ананың да, баланың да жақсы денсаулығының кепілі. Бір кездері баланы әр 3 сағат сайын тамақтандырудың қатаң тәртібі болуы тиіс деген теория болған. Емізудің қазіргі заманғы теориясына сәйкес аналар балаларын олардың қажеттілігіне қарай емізулері керек. Бастысы, осы режим анаға да, сәбиге де жайлы болғаны маңызды.
Күн тәртібі қай кезде қажет?
Бала жеткілікті түрде физикалық дамып жатқан кезде анасы сәбиді тамақтандыру мен демалдырудың шамамен алынған кестесін жасап алса болады. Бала туғаннан көп ұйықтайды, сондықтан ата-анасы оны ойлап, қорықпаулары тиіс. Егер жас ата-ананың жолы болса, бала тәулігіне 20 сағатқа дейін ұйықтауы мүмкін. Емізу алдында біраз уақыт белсенді болады. Осы белсенділік кезеңдері уақыт өте келе көбейеді. Алдымен бала бірнеше минут, сосын жарты сағат, сосын бір сағат ойнайды және тағы сол сияқты. Емізер алдында жөргегін ауыстырып, табанын уқалап, жамбас буындарына арналған жаттығуларды жасаған дұрыс. Өмірінің алғашқы айынан-ақ сәбиді емізбез бұрын анасы оны ішімен жатқызуы керек. Бірақ баланың кіндігін ауыртып алмас үшін оны кіндігі жазылғаннан кейін ғана жасау керек. Сондай-ақ ішіне жел қарысып қалмау үшін келесі жаттығулар жасау керек: аяғын бүгіп, ішін уқалау керек, тек содан кейін ғана емізуге болады. Бұл анасының айтарлықтай нәрлі сүтін тойып ішетін балаларға қатысты. Егер бала тоймаса, ол жиі оянып, еме бергісі келеді. Егер сәби тым жиі оянып, жылай берсе, себебін анықтап алған жөн: оның асты былғанып қалуы мүмкін, ол ыстықтап немесе мұздап қалуы мүмкін, іші бұрап аурып, маза кетуі мүмкін.
Бір жасқа дейінгі балаға арналған бір күндік кесте
Нәрестелерді тәулігіне 8–10 рет, кейде 12 рет емізеді. Уақыт өте келе емізудің саны жетіге дейін қысқарады. Сәби 5 айлығында 6 уақыт тамақтануға көшеді. Қосымша тамақтандыруды енгізгеннен бастап күн тәртібі жеңілдейді, себебі таңғы ас, түскі ас пен кешкі астың шамамен өз уақыты болады. Асқазан сөлі бөлінетін белгілі бір уақыт, мысалы, күндізгі сағат екі мен бес шамасында белгіленетін болады.
Ыстық күнде емізу тәртібі
Емізу қағидаларына сәйкес мамандар нәрестеге су беруге кеңес бермейді, себебі емшек сүтінде сұйықтықтың қажетті мөлшері бар. Күн ыстықта балаға суды тек дәрігер кеңес берсе ғана беріңіз. Бала сүттің орнына таза су ішкенде, асқазаны толып кетеді де, тойғаны туралы импульстар миға жетіп, сәби емшек сұрамайды. Бірақ судың нәрлілігі жоқ, содан сәби қажетті салмақты қоспайды. Ыстық күндегі ең жақсы амал – баланы жиірек емізу. Қыста да кейбір пәтерлерде ауа температурасының нормадан тыс болатынын ескерген жөн.
Сәбидің ұйықтау тәртібі: сәби қанша уақыт ұйықтайды
Егер нәресте әдетте тәулігіне 20 сағатқа дейін ұйықтаса, онда өсе келе баланың ұйықтау уақыты мен ұзақтығы азаятын болады. Бір жастағы сәбиге ұйықтау үшін шамамен 13 сағат керек. Анасы баланы күніне үш рет, 9 бен 18 ай аралығында күніне екі рет, ал бір жарым жастан кейін күніне тек 1 рет ұйықтататындай күн тәртібін ойластыруы тиіс. Бірақ, әрине, бұл сандар шамамен алынған. Кейбір бала көбірек, кейбір бала азырақ ұйықтауы мүмкін. Көбі анасының жүктілік кезіндегі режиміне, оның жұмыс кестесіне, тұқым қуалаушылыққа байланысты. Табиғи биоырғақтар бала үшін маңызды рөл атқарады. Егер бұл күздің соңы немесе қыс мезгілі болса, балалар ұзағырақ ұйықтайды. Ал жайма шуақ мезгілде ерте оянады.
Түнде ұйықтату рәсімі
Әрбір ана өз баласын зерттеп, оның дамуы мен мінез-құлқындағы әртүрлі ерекшеліктерге көңіл аударуы тиіс. Бір күні түнге дейін серуендеуге, ал келесі күні баланы ерте жатқызуға болмайды. Бұл нәресте үшін зиян. Сәбиді жақсы желдетілген орынжайда, бір уақытта, бірдей жүйелі әрекеттерді орындай отырып ұйықтату қажет. Сонда балада рефлекс пайда болады. Ата-анасы баланы ерекше рәсімге үйретуі тиіс: жуындыру, бесік жырын немесе ертегі тыңдау, әлдилеп ұйықтату. Немесе жатқызып, тыныштандыратын музыканы қосып қою. Анасы өз баласына ненің дұрыс келетінін өзі анықтауы тиіс: бесік жырын, классикалық немесе басқа тыныш музыканы тыңдау, ертегі айту немесе әлдилеп ұйықтату. Еміп жатып ұйықтайтын да балалар бар. Бұл дұрыс емес және қауіпті, себебі өте қатты шаршаған анасы емізіп жатып ұйықтап қалуы мүмкін. Ал бұл бала үшін, әсіресе, 3 айға толмаған болса, өте қауіпті.