Баланың дамуы
Егер осыған дейін көп күш-қуат жұмсайтыныңызды сезсеңіз, бірақ сәбиден қайтымы аз, оның үстіне, көбінде түсініксіз кері байланыс алсаңыз, онда осы ай сізді қуантуы тиіс. Сәби көбірек қимылдап, күлімсіреп, тіпті сізбен тілдесе бастайтын болады.
2 айлық бала
Кішкентай періштеңіздің күлкісі жүрегіңізді ерекше қуанышқа бөлейтін болады. Тіпті егер бұрындары балалармен ешқандай қарым-қатынас жасамасаңыз да, өз сәбиіңізбен жақсы байланыс орната аласыз. Осы процесті тездетіп, жеңілдету үшін баламен әрдайым көз арқылы байланыс жасаңыз, жылы сөйлеңіз, мейірленіп, көп күлімсіреңіз. Ал балаңыз сізге жауап ретінде күлімсірегенде, бұған міндетті түрде сөзбен, ыммен, құшақтау арқылы жағымды жауап қайтарыңыз. Психологтар бұл құбылысты ата-ана мен сәби арасындағы «қарым-қатынас биі» деп атайды.
Емізу
Осы кезеңде бала қарны ашқанды білдіретін белгілерді көп көрсетіп, оны жиі емізуіңізді талап етуі мүмкін. Баланың қалауына ден қойып, өз түйсігіңізге сеніңіз, сонда баланы емізетін уақыттың келгенін сезе аласыз. Егер осыған дейін баланы бір емізгенде бір емшек қана берсеңіз, енді екеуін де беріп көрсеңіз болады.
Сәби түнде де емгісі келеді, бірақ еміздіру арасында 5–6 сағаттан ұйықтауы мүмкін. Баланың осы ұзақ үздіксіз ұйқысы – ата-ана үшін ұйқыны қандырудың мінсіз мүмкіндігі.
Ұйқы
Осы айда баланың ұйықтау әдеттері біршама өзгереді. Күндіз ол 1–3 сағат қатарынан ұйықтайтын болады, емгеннен кейін жарты немесе бір сағаттан соң шаршағанын білдіретін болады, бұл баланы төсегіне жатқызудың белгісі болып табылады. Осы жаста балалар тәулігіне 9–18 сағат ұйықтауы мүмкін.
Мінез-құлқы
Балалар, әдетте, 2 айында өте көп жылайды, әрине, бұдан ата-ананың көңілі түседі. Баланың жылауына себеп көп. Олардың ішіндегі ең көп тарағаны – жүйке жүйесінің жетілуі, шектен тыс қозуы, шамадан тыс шаршау, ата-анасының құшағын қалауы.
Мұндайда ата-анаға тек сабырлық танытып, сәбиінің неліктен жылайтынын түсінуді үйрену керек деген кеңес бере аламыз. Оның қажеттіліктерінің бәрін қанағаттандырып көріңіз. Кейде балаға оны құшақтаған немесе серуендеуге алып шыққан жеткілікті.
Даму кезеңдері
Бала рефлекстік қимылдардан саналы қимылдарға ауысып жатыр. Сізде бала ойнай алатын кішкентай, бірақ қауіпсіз ойыншықтардың барына көз жеткізіңіз. Бірақ осы кезеңде бала көбінесе өзінің аяқ-қолын зерттейді. Оның осы әдеті сіздің аздап демалуыңызға мүмкіндік береді. Осындай қызық «заттардың» өзіне тиесілі екенін түсіну үшін бала әлі тым кішкентай, сондықтан қолын немесе аяғын көріп қалғанда, ол олармен беріле ойнайтын болады.
Сәби 2 айында сіздің жүріс-тұрысыңызды қадағалай алады. Ол көзімен сіздің бетіңізді қалай іздеп тауып алып, көзіңізге қарап тұрып, қалай күлімсірейтінін бақылаңыз. Ойыншықты оның көз алдында ұстап, оның көзі ойыншыққа түскенін қадағалаңыз. Егер балада қылилық немесе көзге қатысты кез келген басқа проблеманың барын байқасаңыз, дәрігерге барыңыздар. Емдеуді неғұрлым ерте бастаса, кемшіліктерді толық жою мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Салмағы мен бойы
Өмірінің 2-ші айында балаңыз орташа есеппен аптасына шамамен 150–200 г салмақ қосатын болады. Салмағы мен бойының, сондай-ақ басының көлемінің ұлғаюын әр апта сайын емес, жалпы алғанда, бірнеше апта ішінде өлшеу нәтижелері бойынша бағалаған жөн.
Вакциналау
Осы жаста бала вакциналаудан өтуі тиіс. Ұмытып қалмас үшін осы оқиғаны күнтізбеге немесе күнделікке белгілеп қойыңыз. Емшараға барғанда өзіңізбен бірге балаңыздың жеке есеп кітапшасын алуды ұмытпаңыз, онда екпе егілген және егілетін күндер көрсетіледі.
Қауіпсіздік
Осы жаста баланы күн сайын жерге төселген орынға жатқызыңыз. Бірақ, егер үйіңізде үй жануарлары болса, баланың қауіпсіздігі үшін оларды балаға жақындатпаңыз. Баланың құлап кетіп, жарақаттануына жол бермеу үшін оны жөргектеуге арналған үстелде, еденде немесе ол үшін қауіпті кез келген жерде қараусыз қалдырмаңыз.
Есту
Балаңыздың қатты және күтпеген жерден болған дыбыстарға қалай жауап қайтаратынын қадағалаңыз. Егер ол сондай дыбыстардан дір етіп, шошып кетсе, оның есту қабілеті қалыпты деген сөз. Балалардың көбінің есту қабілетін туа салып тексереді, егер сізде қандай да бір күмән немесе қорқыныш туындаса, дәрігеріңізге қаралыңыз. Дәрігер қарап шыққан соң аудиологқа қаралып, қайта тексерілу керек пе, жоқ па, соны айтатын болады.
Ал анасы ше?
Ең болмаса, аптасына бірнеше сағаттай уақытты өзіңізге бөліп, сізге қуаныш сыйлайтын нәрселер істеуге тырысып көріңіз. Оның үстіне, қазір ақырындап серуендеудің, жүзудің, йога мен жеңіл салмақты жаттығулардың көмегімен мүсініңді қалпына келтіретін кез келді. Бастысы – жағдайды жылдамдатпау және жүктемені ақырындап арттыру (жаттығулар саны, қарқындылығы мен ұзақтығы).
Егер бала емізетін болсаңыз, есіңізде болсын, тым қарқынды дене жаттығулары сүттің мөлшерін азайтып жіберуі мүмкін. Жүгірген кезде емшектің қажетсіз қимылдауын болдырмайтын, оны демеп тұратын бюстгалтер тағыңыз. Егер несеп ұстай алмауға қатысты проблема туындаса, жүгіруге және қайталанатын жаттығуларды жасауға болмайды.
Егер сіз босанғаннан кейінгі тексеруден әлі өтпесеңіз, қазір тексеріліңіз. Осы уақытқа қарай қынап қаны тоқтауы тиіс, ал жатыр мен ішкі мүшелеріңіз жүктілікке дейінгі жағдайына келуі тиіс. Бұл дәрігермен немесе акушермен контрацепцияның оңтайлы жолдарын талқылаудың керемет мүмкіндігі. Кейбір әйелдер уақыттың жеткіліксіздігін сылтауратып, босанғаннан кейінгі тексеруге аса мән бермейді. Алайда, ананың ғана емес, баланың да денсаулығы үшін тексеруден өту керек.
Сіздің эмоцияларыңыз
Кейбір аналар, әсіресе, балалары бар аналар өмірлерінің осы кезеңінде автопилотта өмір сүретіндерін, өздерін шаршаңқы, құр кеуде адам ретінде сезінетіндерін мойындайды. Дәл осы кезде әкелердің көбі демалыстан кейін жұмысқа шығады, сондықтан бала күтімі мен тәрбиесіне қатысты негізгі ауыртпалық аналардың мойнына түседі. Осының салдарынан әйелдер, әсіресе, жүктілікке дейін белсенді кәсіби өмір сүрген әйелдер өздерін қоғамнан оқшауланғандай сезінуі мүмкін. Өзіңізді жалғызсыратпай, күйзеліске жеткізбеу үшін үнемі достарыңызбен және әріптестеріңізбен қарым-қатынас жасауға уақыт табыңыз, ең болмағанда, кәсібіңізге қатысты болып жатқан өзгерістерден үстіртін болса да хабардар болып тұруға тырысыңыз.
Өзіңді күту
Егер сіздің шашыңыз кенеттен «қатты түсе бастаса», дүрлікпеңіз. Жүктілік кезінде шаш ұстап тұру кезеңінен өтеді де, көп түспейді. Босанғаннан кейін гормондық фон қалпына келгенде, олар «жіберілген мүмкіндіктің есесін толтырады». Уайымдамаңыз, жақын уақытта шаштың табиғи түсу көлемі әдеттегі деңгейіне дейін қысқарады.
Қазір, әсіресе, тіс пен қызыл иек күтіміне мұқият болыңыз. Жүктілік пен босану тістің жағдайына кері әсер етуі мүмкін, сондықтан міндетті түрде стоматологқа барыңыз. Тісжегіні уақтылы емдеу қажет, әйтпесе, оның салдарынан тісіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін және «күтім көрмеген» ауыз қуысында белсенді көбейетін зиянды бактериялар сәбиге жұғуы мүмкін.
Сіздің ұйқыңыз
Енді ғана кеш бата бастады, ал сіз ұйқысырап отырсыз ба? Шаршағандық пен түнде бала емізудің салдары енді шығып жатыр. Осы кезеңнен ойдағыдай өту үшін күндіз сәбиіңізбен бірге ұйықтап алуға тырысыңыз. 1–3 сағаттық ұйқының маңызы өте зор. Кешкі сағат сегізде ұйқыңыз қатты қысып кетсе, жатып демалып алыңыз. Балаңыз мүмкіндік берген кезде ұйықтап алыңыз. Ал бүкіл тұрмыстық шаруаларыңызды тындырып үлгеру үшін туыстарыңыз бен достарыңыздың көмегінен бас тартпаңыз.
Жұбайыңызбен қарым-қатынасыңыз
Соңғы екі айда жыныстық қатынасқа да мұрша болмаған шығар. Босанғаннан кейінгі қалпына келу, физикалық қажу мен көңілді толық тек балаға аудару аналардың көбіне интимдік қатынасқа түсуге мүлдем күш қалдырмайды. Бірақ, егер де жұбайыңызбен сексуалды белсенділікті қайта бастауға дайын болсаңыздар, қазір бастасаңыздар болады.
Бірақ, есіңізде болсын, кез келген сәтте қайтадан бала көтеріп қалуыңыз мүмкін. Егер осы кезеңде оны орынсыз деп санасаңыз, дәрігердің көмегімен жұптарыңыз үшін оңтайлы контрацепция нұсқаларын таңдап алыңыз.