Бірінші қонақтар: қолдаймын және қарсымын
Жаңа туған нәресте – бұл үлкен қуаныш, осы қуанышты жақындарыңызбен бөлісіп, оларды қонаққа шақырғыңыз келеді. Медицина тұрғысынан алғанда, баланы бөтен адамдарға қанша жасынан бастап көрсетуге болатыны айтылмаған. Алайда көптеген мамандар алғашқы қонақтарды туғаннан кейін бір ай өткен соң ғана үйге шақырған дұрыс деп санайды.
Қонақтарды қабылдауға арналған жадынама:
Негізгі ереже – қонақтардың бәрі сау болуы керек. Нәрестенің иммундық жүйесі енді қалыптасып келеді, сондықтан кез келген инфекция қауіп төндіруі мүмкін. Сіз немесе қонақтар жеңіл тұмауда тұрған ештеңе жоқ деп ойласаңыздар, қонақты кейінге қалдырып, толық емделіп алған дұрыс. ЖРВИ кезеңінде ерекше сақ болу керек.
Баланы көрсетерден бұрын, тіпті, оны қолына енді алайын деп жатса да қонақтардан қолдарын сабындап мұқият жууды өтініңіз.
Жаңа туған нәресте бар үйге бару сізбен, ата-анасымен келісілуі керек.
Достармен кездейсоқ кездесулер жақсы ғой, бірақ үлкен орта бала үшін стресс тудыруы мүмкін.
Баланы шошытпау үшін қонақтардан ақырын сөйлеуді өтініңіз. Бұл жастағы бала үшін қызықты ойын-сауықтардың бірі – дыбыстың көзін тыңдау және анықтау, сондықтан бәрі кезекпен сөйлегендері абзал.
Қонақтарға өзіңіздің диетада екеніңізді, бала емізіп жүргеніңізді ескертуді ұмытпаңыз, сондықтан тыйым салынған тағамдарды әкелмегендері дұрыс.
Қонақтар келетін кезде балақайдың ұйқысы қанық, қарны тойып тұрсын.
Бала жататын бөлменің есігін жауып, сәбиді қонақтарға анда-санда бір алып шығып тұру керек.
Үйді шарлармен безендірудің қажеті жоқ, олар жарылып кетсе, бала қорқып қалуы мүмкін. Гирляндаларды қолданыңыз!
Гүл шоқтарын нәресте ұйықтамайтын бөлмеге қалдырған дұрыс: өткір иістер бүлдіршінді тітіркендіруі мүмкін.
Мерекені суретке түсіруді және бейнеге түсіруді ұмытпаңыз. Кейін арнайы альбом жасай аласыз!
Балаларымыз қоршаған ортаға өте сезімтал. Сондықтан қонақтардың шуылынан кейін нәресте мазасыздануы, түнде көп оянуы, қасынан кетпеуіңізді талап етуі мүмкін. Бұдан қорықпау керек: осылайша бүлдіршін алған көптеген әсерін қорытады. Шыдамдылық танытыңыз, көп кешікпей бәрі де қалпына келеді.